«Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету», деді Қ.Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша, патриотизм, қоғамға қызмет ету және игілікті іс – адамның тұлғалық және рухани дамуының жоғары деңгейінің жарқын көрінісі.
Осындай игі істерді ұйымдастырып, Луначарская көшесіндегі МКҚК «Ақбота» бөбекжайының ауласын қардан тазалауға көмектескен «Spartа» спорт клубының тренері Миниханов Радмирға алғысымыз шексіз. Өзінің командасын асарлатып, бөбекжай ауласын тұтастай қардан тазартуға көмегін тигізді. Радмирдің бұл асары, қазіргі наурыз мерекесін тойлаудағы «Жайлау күніне» де тұспа-тұс келіп отыр. Бұл күні табиғат аясында серуендеуге жағдай жасалып, қоқыс тазарту, көшет егу шаралары ұйымдастырылады. Енді біздің ауа-райына байланысты, көшет егу ол әлі алда. Бастысы кішкентай тәрбиеленушілердің алаңшықтарын қардан тазалау мәселесін оңай шешіп берді. Миниханов Радмирге және оның спорт клубының жеткіншектеріне көптен-көп рахметімізді айтып, алғысымызды білдіреміз.