МКҚК «Ақбота» бөбекжайында мектепалды топ тәрбиеленушілерінің ата-аналарына арналған маңызды ата-аналар жиналысы өтті. Кездесуге №7 мектеп-лицейі мен №9 мектеп-гимназиясының 2026–2027 оқу жылында 1-сыныпты қабылдайтын педагогтары қатысып, ата-аналарға мектепке даярлық жұмыстары жөнінде жан-жақты ақпарат берді. Жиналыс барысында мұғалімдер 1-сыныпқа қабылдау тәртібі, қажетті құжаттар тізімі, мектептің ішкі ережелері, оқу үдерісінің ерекшеліктері және «Балақай мектебі» бағдарламасы туралы таныстырды. Сонымен қатар, болашақ оқушылардың жаңа ортаға бейімделуі мен алғашқы қадамдарын жеңілдету жолдары түсіндірілді. Бөбекжай психологі Мукажанова А.А. ата-аналармен психологиялық жұмыс жүргізіп, олардың мектепке байланысты алаңдаушылықтары мен ой-пікірлерін тыңдады. Ата-аналар балаларының мектеп табалдырығын аттауына қатысты толғаныстары мен қорқыныштарын ашық айтып, өзара пікір алмасты. Мектеп мұғалімдері ата-аналарға мектепке бару қорқыныш емес, баланың өміріндегі маңызды әрі қуанышты кезең екенін жеткізіп, балаларын сеніммен мектепке тапсыруға шақырды. Олар әр балаға қолдау көрсетілетінін, мектеп пен ата-ана бірлесе жұмыс атқарғанда ғана жақсы нәтиже болатынын атап өтті. Іс-шараны ұйымдастырған бөбекжай әдіскері Бекенова М.Д. бұл кездесудің мектеп үшін де, бөбекжай үшін де, ата-аналар үшін де маңызы зор екенін атап өтті. Осындай мазмұнды басқосулар мектеп пен бөбекжай арасындағы сабақтастықты нығайтып, ата-аналардың қажетті ақпарат алуына үлкен мүмкіндік береді.