Балалар сұлулық əлемінде, яғни ойын, ертегі, əн, сурет, қиял жəне шығармашылық əлемінде, өмір сүруі керек. Бұл əлем баланы қоршап алуы қажет...», — деп В.Сухомлинский айтқандай, мектепке дейінгі жастағы балалардың қалыпты дамып, жетілуі үшін қажетті дамытушы ортаны қалыптастыру керек. Заттық-дамытушы орта — педагогикалық үрдісті жүзеге асыруға қажетті уақыт пен кеңістік жағынан жүйелі ұйымдастырылған, қажетті заттармен, ойын құралдарымен жабдықталған эстетикалық, психологиялық-педагогикалық шарттардың жиынтығы. Бұндай ортада бала белсенді танымдық, шығармашылық іс-əрекетке қосылады, қызығушылығы дами түседі, қиялы, ақыл-ой жəне бейнелік қабілеттері, қарым-қатынас жасау дағдысы дамиды, ең бастысы, үйлесімді тұлға дамуы жүзеге асады. Дамытушы орта баланың өзіне деген сенімділігін арттыруға, оны бойына сіңіруіне септігін тигізеді, мектеп жасына дейінгі балаға өз қабілеттерін сезіну жəне қолдануға мүмкіндік береді, өз қабілетін, шығармашылық шешімдер қабылдай алу дағдыларын дамытады.