Рухани жаңғыру-кәсіби жаңғыру
(ой толғау)
«Ұлылардың мұрасы
да, мұраты да, ата-даңқы да-кейінге үлгі.
Ал үлгіге қарап ұрпақ өседі.».
Н.Назарбаев.
Ішкі қуат, ұлттық рух-адамның
бойына анасының ақ сүтімен, әкенің қайрат-жігерімен, ата-бабаларымыздың даналығымен
келеді. Ұлттық тәрбие, ұлттық рух, ұлттық болмыс қазақ дейтін жаңы жайсаң,
жүрегі жомарт, көңілі дархан даладай халық тұрғанда ешқашан жойылмайды.
Өйткені, мен қазағымның даналығына бас иген жанмын. Ұлттық рухтың негізі-ұлттық
тіл. Ал, ұлттық рухтың өзі егеменді ел тәуелсіздігі аясында дамып, болашаққа
құлаш сермейді. Қазақ кім десе, Абай бабамыз ойға оралады. Өйткені, Абай сөзі
адастырмас Темірқазық жұлдызы секілді. Ұлттық намыс, ұлттық рух-қарақан бастың
қамын ойлау емес, ұлт ұлықтығы, елдігі үшін, болашағының баяндылығы үшін
өтелетін перзенттік парыз бен қарыз.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы өте маңызды, саяси-идеологиялық
құжат. Өйткені, бағдарламада ұлттық құндылықтарымыз, «Ұлы дала» елінің тарихи
мұралары, мемлекеттің ұлттық құрылымы айтылған. Сынаптай сырғып, ой санап емес,
күн сайын өзгеріп отырған алмағайып заман көшіне ілесе, Елбасымыз айтқандай
ұлттық кодымызды сақтай отырып, алғы шептен табылуымыз керек. Қазіргі тарих
көші заман талабына сай, жаңашылдықты меңгерген, сапалы білімнің
қолжетімділігін қамтамасыз ете алатын білікті де, білімді педагогтардың алдына
биік талаптар мен мақсаттар жүктейді. Тәуелсіздіктің туын көтеретін өскелең
ұрпақты Отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, олардың елін-жерін сүйетін,
қасиетті де ардақты ана тілін құрметтейтін, ұлтаралық достықты қадірлейтін
салт-дәстүрін, тарихы мен төл мәдениетін қастерлеп, заман талабына сай көптілді
өмірге икемделген және әлеуметтенген азамат болып өсуіне үлес қосу әрбір
педагогтан кәсіби шеберлікті, руханиятқа толы жүректі талап етеді.
«Мәңгілік ел» ұғымы- болашаққа
бастайтын даңғыл жол. Елбасымыздың «Қазақстан-біздің Отанымыз. Оның әрбір
пұшпағы табиғатымен, ауа райымен қоса
Алланың берген сыйы. Отанның жаман әлде жақсы жері болмайды. Отанды бар
болмысымен, ата-бабаларымыздың бізге
қалдырып кеткен бағзы қалпымен сүйеміз»,-деуінде терең ой жатыр. «Дүниеде қазақ
деген ұлт-біреу, демек, оның ұлттық болмысы, салт-санасы мен әдет-ғұрпы да жалпы
қазаққа бірдей тән, оның ғажайып мол рухани қазынасы да-бөліп жаруға келмейтін
ортақ қазына». Тәуелсіздік-тәу етер кием! Елбасымыздың: «Мен халқымыздың
тағылымы мол тарихы мен ықылым салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі
ете отырып, әрбір қадамын нық насуын, болашаққа сеніммен бет алуын
қалаймын»,-деуінде үлкен мағына жатыр.
Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм ұлттық бірегейлікті сақтау-алға дамудың
алғышарты. Елбасымыз «Білімнің салтанат құруы үшін жастарымыздың көзі ашық,
көкірегі ояу болуға ұмтылуы қажет екенін, ол қанымызда бар қасиет» екенін айтып
өтті. Маған «Туған жер» бағдарламасындағы «Тәрбие және білім», «Қазақстанның
қасиетті рухани құндылықтары» бағдарламалары қатты ұнады. Өйткені, "білмей
өрге баспайсың" деген халық даналығы бар. Ия, туған жерден киелі, одан
асқан Жерұйық болуы мүмкін емес. «Бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады»
деген. Халықтың өмірі, жас ұрпақтың болашағы мемлекеттің өмір сүруінің
мағынасына айналғанда ғана адамдар рухани тірекке табан тірейді. «Мәңгілік ел»
болудың өміршеңдігі де осында! Ұстаздық мамандығым-мақтанышым! Әр ұстаз «рухани
жаңғыру арқылы кәсіби жаңғырып, арманы асқақ, рухы биік, білімі
телегей-теңіз ұрпақ тәрбиелеуде аянбай
қызмет етсе, еліміздің егемендігі кеңейіп, көк байрағы мәңгі желбіреп тұрары
хақ! Тәуелсіздік-ұлттық мемлекеттік, оның түп тамыры, бастау бұлағы-жасампаздық
рух. Оның байлығы да, ұраны да-халық. Менің ойымша, әрбір Қазақстан азаматының мақсаты:
«Мәңгілік ел» болып қалу. Осы мақсатты көк байрақтай желбіретсек, ұлттық құндылығымызды
сақтасақ, қорғасақ, сонда ғана жаһандануға ұмтыламыз. Себебі ұлттық
құндылық-ұлттың тірегі! Жайна, жасай бер, егеменді елім!,- деп, өзімнің ойымды
өлең шумақпен толықтырып, аяқтасам.
«Рухани жаңғыру» деп жаңғырдық,
Жүрейікші баба жолмен сән құрып,
Жаһандану , алға басу, сара жол,
«Ұлы далам» жасай берсің МӘҢГІЛІК!
Бабаларым арқалаған нар жүгін,
Келешекке сенімі де шын мығым.
Төккен тері ақталыпты олардың
Рухынан қуат алам мен бүгін!
Баба рухы-биік шыңы адамның
Асқақ рух- тірегі ғой даламның!
Ұстаз деген- жас ұрпақтың бағбаны,
Келер ұрпақ-иесі ғой қоғамның.
Ұстаз деген-тіршіліктің бұлағы,
Ұстаз деген-тіршіліктің шуағы!
Ұстаз деген-ұлы бейне ұлылық,
Рухы асқақ, биік оның тұрағы!
Бекенова Меруерт
МКҚК «Ақбота» бөбекжайы, әдіскер