Ақмола облысы білім басқармасының Бурабай ауданы бойынша білім бөлімінің жанындағы Щучинск қаласының «Ақбота» бөбекжайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны
Государственное коммунальное казенное предприятие «Ясли-сад «Акбота» города Щучинск при отделе образования по Бурабайскому району управления образования Акмолинской области

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Біздегі Наурыз мейрамы

24.03.2022

Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде. Наурыз мейрамы - көктем мейрамы және Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Бұл мереке бірнеше мың жылдан бері аталып келеді. Парсыша «наурыз» бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. Қазақстанда кеңес заманында талай жылдар бойы діни мереке деп саналып, тыйым салынды. Соңғы рет 1926 жылы тойланған Наурыз мейрамы Қазақстанда 1990 жылдардың басында қайтадан ресми түрде атала бастады. 2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланды. Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесі Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойланатын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 2010 жылдан бері Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн бойы тойланып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды. Наурыз мейрамы аясында міндетті түрде атқарылатын рәсімдер баршылық. Мәселен, наурыз көже дайындалады, апаларымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салады. Соғымға сойылған малдың басы немесе шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая қазанға түседі. Ет сорпасына көже қайнатады. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосады. Тұз бен суды қосқанда дәмнің саны тоғыз болуы тиіс. Түркі халқының ұғымында жеті мен тоғыз және қырық - аса киелі сандар. Сол себепті наурыз көже аса қасиетті тағам болып саналады. Оған қоса, ол - тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы. Наурыз мерекесі жадыраған жазды қарсы алар көктемнің басы болғандықтан, оны қазақтар «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деп те атайды. Бұл бүкіл табиғат ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы дегенді білдіреді. Сондай-ақ бұл күні көңілінде кірбіңі барлар татуласады, адамдар бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, бұлақ көзін ашады, алдын ала үйін, ауласын кір-қоқыстан тазартады. Наурызды «жыл басы» деп танығанымен, оның барша болмысын, философиясын жыл алмасумен шектемейді. Осы күндері дүниеге келген сәбилерге Наурызбай, Наурызгүл сынды есімдер беріледі. Жер иесі - Қыдыр ата елді, үйді аралап, бақыт сыйлайды, бата береді деген сенім-наным және бар. Ұлы Абай айтқандай: «...ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен». Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алып, арықтарды тазалап, су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайды. Бұл күн жер-жерде ат бәйгесі, көкпар тарту, қыз қуу, палуандар күресі тектес ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылады. Наурыз мейрамында әркім жылы шырай сезіне бастап, сағынышты көрісулерімен, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алады. Биыл елімізде мерекеге демалыс күндері жалғасып, қазақстандықтар Наурыз мейрамын бес күн бойы атап өтуде. Кеше еліміздің түкпір-түкпірінде Наурыз мейрамын атап өтудің мерекелік шаралары басталып та кетті. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын ағайын!

 

Просмотров: 140


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст