«Әке- алтын діңгек»
Әке, әке, әке, қымбат әрине,
Ол қамқоршы жанұяға, әр үйге.
Отан үшін, жанұя үшін, мен үшін,
Аямайды не өмірін, не күшін.
«Ана – сая болар бағың болса,
Әке - асқар тауың» дейді халқымыз. Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез – құлқы, өзгелермен қарым – қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Отбасының пейіл – береке, ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі де зор. «Әке – асқар тау», «Әке – балаға сыншы» дейді халқымыз. Ер бала әкесімен сырлас, жолдас, дос. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен сырласады. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын дұрыс табуына әкенің атқарар еңбегі ерекше. Қазақ халқында «Бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар – кері кете туады» деген тұжырымға, баланың қандай болмағына негіз қалайтын да әкенің өзі.Уәлиханов көшесіндегі «Ақбота» бөбекжайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында «Әке алтын-діңгек» атты әкелермен іс-шара өтті. Іс-шара бірнеше кезеңдерден тұрды. Алдымен, әкелер өздерін таныстырып, сұрақ-жауап кезеңінде нақты жауап беріп, қиылған буындардан мақал құрастырды. «Садақ ату» ойынында әкелер садақпен, өздерінің мергендіктерін көрсете білді. Өнер көрсету кезеніңде Ержан Амирдің әкесі Нұржан Ержанұлы домбырамен ән айтып, қатысушылардың мерейін бір көтеріп тастады. «Қамшы өру», «Қол күрес» ойындарында әкелер өз өнерлерін көрсетті. Іс-шаранын соңында «Қара жорға» биін билеп, әкелеріміз мадақтамалармен марапатталды. Іс-шара өте көңілді, қызықты өтті. Осындай әдемі кеште әкелер мәз-мәйрам болып, тәрбиешілерге алғыстарын жаудырып, көңілді тарқады.
МКҚК «Ақбота» бөбекжайы
«Балапан» тобының тәрбиешісі
Айтжанова Алмагүл Сағындыққызы