24-25 тамыз күндеріне жоспарланған Жамбыл облысы Тараз қаласындағы тамыз конференциясының екінші күні онлайн пленарлық отырыспен басталды. Бірыңғай республикалық пленарлық сессияның ресми бөлімін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлы ашты. Пленарлық сессияның ресми бөлімінде Қазақстан Республикасы Премьер- министрінің орынбасары Дүйсенова Тамара Қасымқызы білім беру саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесіне қатысушыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Видеобайланыстан соң Жамбыл облысының әкімі пленарлық отырысты жалғастырды. ҚР оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Мелдебекова Майра Тұрғанбайқызы білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі туралы айтып өтті. Республикалық тамыз кеңесі аясындағы секциялардағы жұмыс кәсіби қарым-қатынасқа, педагогтердің озық тәжірибесімен алмасуға, еліміздің әртүрлі өңірлерінің педагогтері арасындағы байланысты нығайтуға және заманауи озық педагогикалық тәжірибелерді таратуға ықпал етті.