Алғыс айту
Талайлы тағдырлардың басын өз шаңырағының астына біріктіріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай, қамқорлығына алған Қазақстанда адамның адамға құрмет көрсететін күні де белгіленді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барлық ұлттың бір-біріне және қазақтарға алғыс айту күнін бекітті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының "Мәңгілік Ел: бір ел - бір тағдыр" тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Назарбаев: "Сталин режимінде әр жылдары, өздеріңіз білетіндей, халықтар түгелдей жер аударылды. Оларды вагондардан ауылдарға тастап кете берді, олардың еш дүниесі болған жоқ. Сол уақытта бұл далада өздері мұқтаж бола отырып, оларды саман үйлеріне қабылдаған қазақтар, қазақ отбасылары ғана өмір сүрді. Саманнан жасалған екі бөлмелі үйде тұрған біздің отбасы үш баласы бар жанұяны қабылдап алды. Көз алдымда әрқашан олардың бөлменің бір бұрышына жиналғанын елестете беремін, олар қорқып тұрды - киімдері жыртылған, аш, тозып кеткен. Олар біздің отбасында өмір сүрді, жұмыс істей бастады, өмір бойы алғыс айтып өтті. Мен оның балаларымен дос болдым", - дей келе, "Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнінде - 1 наурызда, басқа уақытты қойса да болады - барлық ұлттың бір - біріне және осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді", - деді Президент Нұрсұлтан Әбішұлы. Осылайша, 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды «Алғыс айту күні»- деп жариялады. Тұңғыш рет Алғыс айту күні деп жариялау туралы № 173 Жарлыққа қол қойды. Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі. Қазақ халқы қиын – қыстау заманда олардың басына түскен ауырпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздің түрлі ұлт өкілдерінің арасында адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Алғыс - адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай-ақ оның ойы мен іс–әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беру. Ризашылық – адамның басқа адамнан көрген жақсылығы, көмегі, көңілі үшін қанағаттанушылық және алғыс білдірушілік сезім. Қазақстан халқы мәңгіліке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейлік негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні де осы алғыс айту күнімен бірге белгіленді.
Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күн. Осы тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтеу, қайырымдылық дәстүрін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күнін Уәлиханов көшесіндегі МКҚК «Ақбота» бөбекжайында кішкентай тәрбиеленушілерге айтып, түсіндіріп, таныстырып, тойлап өткіздік. Алғыс айту туралы түсіндіріліп, видеролик, бөбекжайішілік концерт ұйымдастырылып көрсетілді. «Ботақан» тобының тәрбиеленушілері «Алғыс айту» тақпақтарын мәнерлеп оқыса, «Балдырған» тобының балалары «Қазақстан-Отаным» әнін әуелете шырқады. «Көбелек» ортаңғы тобының қыздары «Қамажай» биін, «Еркетай» тобының бишілері «Домбыра» биін жарыса биледі. Ал, «Ботақан» ересек тобының ұлдары «Батырлар» биін, «Балдырған» ересек тобының ұлдары «Тұлпарлар» биін ортаға салды. «Құлыншақ» тобының әнші қызы Арман Айя «Ана» туралы әнді шырқап, жүргізуші қыздарымыз музыка жетекшісі Жалманбетова Райхан Темирбулатовна мен «Еркетай» тобының тәрбиешісі Шайкенова Күншашар Мукатаевна әдемі тәрбиелік кешті жүргізді. Мерекелік кеш өте жақсы әсер қалдырды. Осы тәрбиелік іс-шараны ұйымдастырған педагог, тәрбиешілерге алғысымыз шексіз. Мен де өз тарапымнан «Ақбота» бөбекжайы ұжымына: Әрдайым бірлікте, сыйластықта болғандарыңызға және бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін деп жұмыла көтеріп, ылғи да бір-бірімізге қолдау көрсетіп, жанашырлық көрсеткендеріңізге, ұжымымыз тек алда болсын деп еңбек етіп жүргендеріңізге, баршаңызға алғысымды білдіремін.
МКҚК «Ақбота» бөбекжайының
әдіскері Бекенова Меруерт
Джексенбекқызы