Ана- өмір гүлі
Сұлулық пен нәзіктікті, қажыр мен қайсарлықты бiр бойына жинаған арулардың мейрамы күлiмдеген көктеммен қатар келедi. Бұл мейрамның көктеммен қатар келу себебі, ана – өмiрдiң алтын дiңгегi, бар адамзатқа өмiр сыйлаушы. Ана – отбасы ұйытқысы, берекесі, тірегі, жүрегі. Ананың балаға деген мейірімі шексіз. Күннің нұрындай төгіліп тұратын сол мейірімді, жылулықты, шапағатты бәріміз іздейміз, аңсаймыз... Бірақ таба алмаймыз! Себебі, бұл жалғанда дәл анамыз секілді ешбір адам бізге қамқорлық көрсете алмайды-ау. Ал ,көктемде табиғат ана қайта құлпырып, айналасына шуақ шашады. Дегенмен бұл мейрамның пайда болуы ғасырлар қойнауында жатқан тарих.
Аналар мен нәзік жанды қыздар қауымының төл мерекесіне орай Уәлиханов көшесінде орналасқан «Ақбота» бөбекжайында «Ана-өмір гүлі» ертеңгілігі өткізілді. Ертеңгілікте балалар аналарына арнап өлең шумақтарын, әндерін айтып , билерін билеп, бар өнерлерін ортаға салды. Ертеңгілік соңында кішкентай бүлдіршіндеріміз аналарына өз ашық хаттарын табыстап, ал ұлдарымыз қыздарға сыйлықтарын тарту етті. Ертеңгілік өте көңілді өтті. Осындай әдемі кеште аналар мәз-мәйрам болып, тәрбиешілерге алғыстарын жаудырап, көңілді тарқады.