Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8:10-да туған 5 бала бірдей еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды.
Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келген. Олардың үшеуі – ұл, екеуі – қыз.
Еске сала кетсек, 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық саны 16,4 млн адам болған. Тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3% өсті.
Бүгінде 20 миллионыншы азаматтың туған күні Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға келген және одан шыққан, туғандар мен қайтыс болғандардың саны бойынша барлық демографиялық деректерді ескере отырып айқындалып отыр.
Бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін және бұл көп уақытты қажет ететін. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің интеграциясы бұл процесті жеделдетуге және 20 миллионыншы азаматтың туған күнін жоғары дәлдікпен, қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік берді.