"Нұрсәуле" кіші тобында Ұлыстың Ұлы күніне арналған «Сағынып жеткен - әз Наурыз» атты іс-шара жоспары бойынша "Тұсаукесер" салт-дәстүрі көрсетілді. Қызымыздың тұсауын бөбекжайымыздың директоры Бостанбаева Бахыт Асылбековна кесті. Тұсаукесер – сәби бесіктен шығып, еңбектеуден өткен соң, қаз тұрып, тәй-тәй басқанда жасалатын дәстүр. Бала екі табанымен тұрып, алғашқы қадам жасауға талпына бастаған сәтте дана қазақ “баламыз тез жүріп кетсін” деген ниетпен, сәбидің тұсауын кестіріп, думандатып той жасайды.
Ырымшыл қазақ тұсауы кесілмеген бала сүріншек, болашақта жығылғыш болады деп пайымдайды. Ал тұсауы кесілген бала біреудің ала жібін аттамайтын адал, жолы ашық азамат болады деп санаған. Сондықтан, қаз тұрып, тәй-тәй басып келе жатқан баланың тұсауын кесу бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан ескі дәстүр. Дәстүр соңында балалармен "Жүзік салу" ойыны ойнатылды. Келешек ұрпақты тәрбиелеуде ата-бабаларымыздың бізге қалдырған асыл мұрасын, салт-дәстүрін тәрбие жұмыстарында орынды пайдаланудың арқасында адамгершілігі мол, инабатты ұл мен қызды тәрбиелеп шығарамыз. Міне, салт-дәстүрді баяндай отырып, ойынды ойнап, балаларға Наурыз мерекесі туралы түсінік қалыптастырдық.