Әріптесіміз, біреумізге сырлас, біреумізге мұндас, біреумізге ақылшы да қамқор, дос бола білген Бақыт Мұқатайқызына арналады.
Ақ көңіл, адал едің аңқылдаған,
Ешқашан кісі көңілін қалдырмаған.
Әкетті жаман ауру арамыздан,
Кеудеңде кетті-ау, арман айтылмаған!
Қысқа жіптей күрмеуге келмейтін ғұмырда, алды мен арты ауыса беретін алмағайып заманда адам өмірінің ең бір елеулі кездері шын көңілмен сенген, қиналғанда қолұшын берген кісілермен әріптес, дос болып өмір кешу, солармен бірге қуанып, ақ адал айтқандарына жұбанып жүру ғой деп ойлаймыз. Өткенге көз жіберсек, еңбегіміз жанып, табыстарға жетіп, жайсаңдармен аралас-құралас болып жүргенде біздің де асып-тасқан кездеріміз, тәтті өмірді бітпестей көргеніміз бар. Былайша айтқанда, өшпейтін оттардың қасында тұрғандай, гүлдерді солмайтындай, адамдарды өлмейтіндей сезіндік…
Алайда, ауа-райының алай-дүлей күрт өзгергені сияқты, қуаныш пен күлкіні тыятын уақиғалар болады екен. Біз де аяқ астынан аяулы адамдардан айырылып, қатал тағдырдың үкіміне көнуге мәжбүр болдық. Сондай бір ауыр жағдай ұжымымызда ақылшы әпкеміздей болған әріптесіміз Бақыт Мұқатайқызының мезгілсіз дүниеден өтуі болды. Жалған дүние… Кешегі ортамызда ойнап-күліп жүрген жандар бүгін жоқ…
Өмірге құштарлығымен, жарына, перзенттеріне деген сүйіспеншілігінің арқасында Бақыт Мұқатайқызы ауыр дертке қарсы тұра білді. Оның өмірі үшін жары, жанұясы, ең білікті дәрігерлер күресті. Алайда, тағдыр өз дегенін істеді. Жаратқанның жазуына пенденің қарсы келе алмайтынын көрдік.
…Бақыт Мұқатайқызы өмірінің зымырап өтіп бара жатқанын сезінгендей небір жаңа істерді жүзеге асыруға ұмтылды, демалыстарын сәнді де мәнді өткізуге тырысты. Бақыт апайдың асыл қасиеттерінің бірі – ағайын-тумаға, достарына, әріптестеріне қолұшын беріп көмектесу болатын. Ол кемшілікке кешірімен қарау, жабыққанның жанынан табылу сияқты ұстанымдарды өмірлік принцип еткен еді. Сондықтан да Бақыт Мұқатайқызының жарқын өмірі мен үлгілі істері жер басып жүрген біздерге екі өмірдің жоқ екенін ұмытпаңдар дегендей. Бүгін міне, Сіздің туған күніңіз. Бүгінгі туған күніңіз өзіңізсіз өтіп жатыр..... Жалған дүние...
Бақыт Мұқатайқызының рухы күн өткен сайын биіктеп, артында қалған қыздары оның бекзаттық қасиеттерін жалғастыратынына, ана армандарының орындалатынына сеніміміз зор. Ал біз болсақ, Бақыт апай жайлы жазылған естеліктерді оқып, есімізге түсіріп, көңілімізге жұбаныш етеміз. Асылы, дүниедегі сатып та ала алмайтын, тартып та ала алмайтын, жоғалтсаң таба алмайтын сый – жақындарыңның, достарыңның шынайы ықыласы екен. Бізге бұйырған осындай баға жетпес сый – марқұм Бақыт Мұқатайқызымен болған достық қатынасымыз… Сол асыл жанның есімі енді естелікке айналып отыр… Әріптестері білікті де жаңашыл маман, «уақыттан озық» жүретін жан ретінде бағалап, үлгі тұтса, Бақыт Мұқатайқызы «жасындай жарқ еткен» гүл-ғұмырының куәсі болғандар оның асылдан жаратылған, қимас жан, ардақты ана ретінде еске алады.
Жатқан жеріңіз жәннатта болсын, Бақыт Мұқатайқызы!!!